Украина 2022 жылы басталған Ресейдің кең ауқымды басқыншылығынан бергі ең ауыр қысқа дайындалып жатыр. Бұл туралы BBC-ге БҰҰ-ның даму бағдарламасын басқаратын Александр Де Кро айтты.
Оның сөзінше, Ресейдің шабуылдары салдарынан электр қуаты мен суға қолжетімділік үзілсе, гуманитарлық апат қаупі туындауы мүмкін. Де Кро қыстың басталуына дейін электр желісін қалпына келтіруге асығыс жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Бұрын Бельгияның премьер-министрі болған шенеунік Ресей Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі түрде нысанаға алып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жанармай құю бекеттері, сауда орталықтары, бизнес нысандары және энергия тасымалдау желілері соққы астында қалып отыр.
«Бұл қыс соғыстан бергі ең ауыр қыстың бірі болады», — деді ол BBC-ге. Де Кро қондырғыларды жөндеу жұмысы әуе дабылы үздіксіз беріліп тұрған жағдайда жүріп жатқанын, ал қыс мезгілінде температура -20C-қа дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты.
БҰҰ Даму бағдарламасы өткен қыста бүлінген энергетикалық жүйенің бір бөлігін қалпына келтіруге және шабуылға онша осал емес орталықтандырылмаған энергия нысандарын орнатуға көмектесіп жатыр.