Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясының Қохат қаласында полиция басқармасы аумағындағы мешітке жасалған автокөлік жарылысынан кемі 21 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланды.
Пәкістанның APP агенттігі хабарлағандай, қаза тапқандардың арасында 15 полиция қызметкері мен 4 жастағы бала бар. Шабуыл кезінде атыс болған, содырлар полиция нысанасына да оқ жаудырған.
Жергілікті уақытпен 13:15 шамасында жарылғыш зат тиелген көлік мешіт кіреберісіне соғылған. Сол сәтте жұма намазы өтіп жатқан. Хайбер-Пахтунхва полициясы кемінде алты шабуылдаушы жарылыс пен одан кейінгі атыс кезінде қаза тапқанын мәлімдеді.
Полиция өкілі бұл шабуылды Техрик-е-Талибан Пәкістан құрамындағы бір топ жасаған болуы мүмкін екенін айтты. Билік өкілдері бұл ұйымды «Фитна-әл-Хауаридж» деп атайды.
Пәкістан президенті Асиф Әли Зардари жараланғандардың тез сауығып кетуін тілеп, шетел қолдаған терроршыларды толық жоюға шақырды. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те жарылысты қатаң айыптап, бейбіт тұрғындар мен ғибадат орындарына жасалған шабуылдарды қабылдауға болмайтынын айтты.
Соңғы айларда Пәкістанның шекаралас өңірлерінде қарулы топтардың белсенділігі артқан. Исламабад олар содырлар Ауғанстанды жасырын орын ретінде пайдаланып, Пәкістандағы шабуылдарды жоспарлайды деп санайды. Ауғанстандағы «Талибан» үкіметі бұл айыптауды жоққа шығарады.